«Қыз Жібек» клубының негізгі мақсаты:
-қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы Қыз Жібек қалыптастыру және мектепте білім алушыларының сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын текті қыздар ортасын құру.
«Қыз Жібек» клубының негізгі міндеттері:
-тарихи дара тұлға арулардың ерекше қасиеттерін талдау арқылы қазақ қызының жиынтық бейнесін қалыптастыру;
-ұрпаққа берілер ұлттық тәрбие көзі ретінде даярлау;
-кез келген ортада тіл мәдениеті мен шебер сөйлеуді дамыту;
-сұлулық пен денсаулықты сақтаудың, саламатты өмір сүрудің басты қағидаларын ұстануды үйрету;
-қоғамдағы білім беру және тәрбие мәселелерін ұлттық құндылықтармен сабақтастыру;
-болашақ ұлт анасы ретінде қыздарды отбасы өміріне даярлау;
-салт-дәстүрді дәріптеп, жүзеге асыруға баулу;
-үй шаруашылығына қатысты өмірлік қажеттілік дағдысын қалыптастыру.
«Қыз жібек» мектепішілік қыздар клубының негізгі бағыттары
1.Тарихи тұлғалардан өнеге
«Қыз» – ардақты ана, аяулы жар, ұрпақ жалғастырушы, яғни «қыз» деген ұғымға толассыз сөздер толып жатқаны айдан анық. «Қыз» бала болашақ – ана, инабатты келін, ана-әже. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.а) қыз баланы қатты қастерлеген мынадай даналық сөзі бар: «Қандай отбасында болмасын, қыз бала дүниеге келсе, сол күннен бастап, сол отбасының тілеуін періштелер үздіксіз тілеп отырады». Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін баласына,
немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, жалғастырушы, дамытушы әрине, әйел-ана. Сонымен бірге тарихымызда өткен аяулы аруларымыздың бейнесі де үлгі тұтарлық, өнеге аларлық болып табылады. Томирис – Тұран патшасы Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз. Бөрте ханым – Шыңғыс ханның әйелі. Гауһар – Қабанбай батырдың жары. Домалақ ана (Нұрила) – Бәйдібек бидің әйелі. Қыз Жібек – мәңгілік махаббат символы, Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Қарашаш – Жиренше шешеннің жары. Ұлы Отан соғысында ерлік жасаған қазақтың ер жүрек қыздары – Мәншүк пен Әлия, Желтоқсан оқиғасының батыл қыздары Ләззат Асанова мен Сәбира Мұқаметжанова.
2. «Қыз Жібек» клубының мүшелерінің бейнесін қалыптастыру
Қазақтың ежелгі салт-дәстүрлеріне жүгінсек қазаққыздары ешқашан ер-азаматпен бедел таластыруға ұмтылмағаны белгілі. Әріден келе жатқан әдепті берік ұстанған халық қызын ешкімге қорлатқан емес. Қазақ қашанда қызын әлпештеп өсіріп, оң жақта отырған қызға аңдап қарап, оның «ақылына көркі сай» болуын қадағалаған. Елімізде «қыз» сөзі және жалпы қыздарға байланысты халықтың ұғымында «қыз бала – елдің көркі, халықтың гүлі, өмір-тіршілігі» дегенді білдіреді. Қазақ халқында қызға берілген анықтама, оларға қойылған талап-тілектер, қызды еркелету, қызды тәрбиелеудің үлкен жолға қойылғанын көрсетеді. Ата-бабамыз қашанда қыз балаға ерекше қараған. Өмірдің ащы-тұщысын көріп ысыла берсін, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп, бөркініңь төбесіне үкі қадап үлпілдетіп өсірген. Оны аялап, мәпелеген. Өйткені, «жұмақ – ананың табанының астында», «ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп, қыз бала тәрбиесіне ертеден-ақ мән берген.
3. Отан отбасынан басталады
Көп ұлтты Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің беріктігі, өркендеп нығаюының негізгі жолдарының бірі – студенттер санасында тәрбие рухын қалыптастыру. Өз Отанын сүю, Ата-Заңды білу, еркін өмір сүруін қамтамасыз ету – ел мақсаты. Бұл қасиеттерді орындау үшін әрбір студент оны бойына сіңіріп, дамытуы тиіс. Отбасы – адам
дүниге келгеннен бастап, оның өсіп жетілуі, қатарға қосылуына ықпал ететін басты факторлардың бірі. Мұнда ол қоғамдық өмірге араласуға, мәдениетті меңгеруге, мінез-құлық нормаларына, өзін тұлға ретінде көрсетуге және әртүрлі әлеуметтік ролдерді атқаруға бейімделеді. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» демекші, бала – отбасының айнасы.
Бүгінгі күні отбасылық құндылықтар аса көп өзгерістерге ұшырап, отбасы қарым-қатынасының бұзылуы жиі орын алуда. Қыздардың өз әйел табиғатына тән қасиеттерін сақтап, өз орнын таба білуіне жәрдем беру, сырласу алға қойылған жөн. Қыз балаларды тәрбиелеудің маңызы оларды қоршаған өмір, түрлі жынысты адамдар арасындағы өзара қатынас барысында, осы қатынастардың нормалары болып табылады. Қыз балалардың мінез-құлқын тәрбиелеу бойынша жұмыс оларды нәзіктікке баулу, отбасындағы алатын орны, ептілік пен шеберлік қалыптастыру, сондай-ақ қыздардың отбасылық қарым-қатынастар сияқты ұғымдармен таныстыруға бағытталған.
4. Болашақ ұлт анасы
Ұлы пайғамбарымыз да «Жұмақ аналардың аяғының астында», «Үш қыз тәрбиелеп кемеліне келтірген ата-ана жұмаққа барады» – деп, ана тәрбиесін бірінші орынға қойған. Олай болса, «асыл анадан, ат биеден туады» дегендей, нағыз ана тәрбиелеген ұрпақ жаман болмайды. Ердің намысын, елдің тыныштығын сондай ұлдар қорғайды. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» дей келе, бұрынғы өткен ұлыларымыздың әйел затының тәрбиесіне байланысты айтылған түйінді сөздеріне бір сәт көңілімізді бөле кетейікші: «Әйелі ақылдының еркегі бақырлы болады, береке мен бірлікке шақырғы болады. Алысты жақын, дәмсізді дәмді етеді. Берекесіз әйел байды жарлы етеді, жарлыны сорлы етеді. Ұйқышыл жалқау келеді, тілі ащы шайпау келеді. Ердің қосағы түзелмей қосы түзелмейді. Әйелің адал болса – алаңың жоқ, арам болса – амалың жоқ. Қанаттандыратын да, қанат талдыратын да әйел. Жақсы әйел жаман еркекті ер етеді. Жаман әйел жақсы еркекті қор етеді. Ақылды жарың – байлығың барың. Жақсы қыз ибалы келін болады. Жақсы келін – келін, жаман келін – өлім болады. Еркек – түздің қыраны, әйел – үйдің шырағы. Әйел – үйдің туы, оттың қуаты» деген ата-бабамыздың мағыналы да маржандай асыл сөздерін жұмыр жүрегіне тізбектеп тізіп, ақылымен елді аузына қаратқан, тәрбиелі де үлгілі ұрпақ таратқан, аты аңызға айналған, адалдығынан әулие деген атақ байланған ару қыз, опалы жар, қасиетті аналар көп болған қазақта. Олар ерін «пірім» деп сыйлаған. Ұрпағының басына адамдық қасиет жинаған, ұлын ұлағатты, қызын парасатты қылып тәрбиелеген.